Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде «Ашық есік күні» акциясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, акцияға қала жастары мен журналистер қатысқан. Қатысушылар Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысымен танысқан. Жиында бөлім арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат берілген.
- Ақтау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» акциясы екінші рет өткізілді. Шараның мақсаты – мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыру. Қатысушылар мамандарға сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды, - деді Ақтау қаласы әкімі аппараты персоналды басқару қызметінің бас инспекторы Меруерт Сисенбаева.
Жиынға қатысушылар ұйымдастырылған акцияға қатысты пікірімен бөліскен.
- Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысымен таныстық. Мамандар көші-қон, әлеуметтік жәрдемақы тағайындау бойынша ақпарат берді. Бөлімде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да бар екен. Мысалы, тұрғындар компьютерді қолданып өз қызметтерін ала алады. Туындаған сұрақтар болса, мамандар көмектеседі. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетудің тұрғындарға қолжетімді екендігін көрсетеді, - деді Маңғыстау облыстық «Қоғамдық коммуникация орталығының» тілшісі Аружан Кусаинова.